20-ға жуық авиакомпания 2021 жылдың наурыз айында ковид-паспортты (Travel Pass) енгізуді жоспарлап отыр. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) ұсынған ковид-паспорт идеясы жолаушыларға халықаралық сапарларға қажет covid-19 вакцинасы мен сынақтары туралы жазбаларды қауіпсіз сақтауға және бөлісуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tengritravel.kz FlightGlobal-ға сілтеме жасай отырып.
Travel Pass қосымшасын пайдаланатындықтарын растаған авиакомпаниялардың қатарына Emirates, Etihad, British Airways, American Airlines, Singapore Airlines, Lufthansa және басқа да ірі тасымалдаушылар кіреді. IATA қосымшаның шекараны қауіпсіз ашуға ықпал ететініне және тағы 30-40 тасымалдаушымен келіссөздер жүргізетініне сенімді.
“Біздің басымдығымыз – қауіпсіз халықаралық авиаұшуларды қайтару. Біз басқа мемлекеттердің үкіметтеріне саяхаттаудың қауіпсіз екенін көрсете аламыз”, – деді қауіпсіздік бөлімінің басшысы Алан Хайден.
Басылымның хабарлауынша, IATA авиакомпанияларға өздерінің клиенттік қосымшаларына Travel Pass қосуды ұсынады. Бұл қосымшада жолаушыларға сапар алдында қандай сынақтар, вакциналар және басқа шаралар қажет болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат болады. Пайдаланушылар өздерінің денсаулығы туралы құжаттарды тіркей алады және авиакомпаниялар мен иммиграциялық қызмет қызметкерлеріне ақпарат бере алады. IATA жолаушылардың дербес деректеріне қол жеткізе алмайды.
Qatar Airways жерүсті қызметтері жөніндегі Вице-президенті Брэд Мур Travel Pass өнімін пайдалану оңай екенін атап өтті. Өз кезегінде Singapore Airlines вице-президенті Хао Ю Дай әлемге танымал “сандық шешім”қажет екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, ковид төлқұжаттары идеясын 2020 жылдың тамызында Гонконг Атқарушы кеңесінің мүшесі Бернард Чан саяхат саласын қайта бастау мақсатында ұсынған болатын. IATA ковид паспорттарын карантинге оңтайлы балама деп санайды. Алайда, Еуропалық Одақ елдері бұл мәселе бойынша әлі бір пікірге келген жоқ. Бұл ретте Ұлыбританиядағы рейстерде 14 күндік карантинсіз бүкіл әлем бойынша шарлауға мүмкіндік беретін “ковидке қарсы” паспорт (Common Pass) енгізіле бастады.
Сайттан алынған ақпарат Tengritravel.kz