Сенат қабылдаған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына сәйкес Қазақстанда шетелдік туристерден туристік алым енгізіледі.
“Әлемдік тәжірибені ескере отырып және ішкі және сыртқы нарықтарда өңірлік туристік әлеуетті ілгерілетуге жергілікті бюджеттің қосымша көздерін іздестіру мақсатында Қазақстан Парламенті заң қабылдады, оған сәйкес туристік алымды енгізу және осы алым бойынша операторларды айқындау көзделеді. Туристік алым мөлшерлемесін мәслихат бекітеді, ал төлеу тәртібін Үкімет бекітеді”, – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Сенат отырысында.
Жоба екі оқылымда қабылданды және оған сәйкес мемлекет басым туристік аумақтарда объектілер салатын бизнесмендерге инвестициялық преференциялар беретін болады, бұл “туристік дамудың ерекше әлеуеті бар және республикалық туристификациялау картасы объектілерінің тізбесіне енгізілген орын”ретінде айқындалады.
“Басым туристік аумақ ресурстарды туризмді дамытудың неғұрлым перспективалы нүктелеріне шоғырландыру және қазақстандықтардың ел ішіндегі демалысын ынталандыру мақсатында құрылады. Сондай – ақ, бұл аумақта инвесторлар үшін ерекше артықшылықтар болады (басым инвестициялық жобалар бойынша шекті мәнді төмендету, инвестордың шығындарын өтеу кезінде жоба құнының неғұрлым жоғары шегі)”, – деп хабарлады министр.
Райымқұлованың айтуынша, туристік секторды мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізіледі. Мысалы, туристік объектілер мен жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу, туристік мақсаттарда автокөлік құралдарын және тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтарды сатып алу кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу.
Министр сондай-ақ турпакет құрамында әкелінген әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға субсидия енгізу туралы айтты. Субсидиялар сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға, турпакет құрамындағы балалар авиабилеті үшін тасымалдау ақысына арналған шығындарының бір бөлігіне бөлінетін болады.
“Біздің есептеулеріміз бойынша, осы шараларды енгізу экономикаға бюджеттің қосымша кірістері түрінде 135 миллиард теңге тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға және кемінде 1 000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Барлық көрсетілген нормалар саланың дамуына оң әсерін тигізеді және инвестицияларды жандандырудың қолданыстағы тетігі болады, сондай – ақ саланың ЖІӨ-дегі үлесін 8 пайызға дейін жеткізу бойынша негізгі міндетке қол жеткізеді”, – деп түйіндеді министр.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, туризм саласындағы реттеуші саясатты жетілдіру және оны Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес келтіру жоспарлануда. Министрдің айтуынша, бұл туроператорлық қызметке лицензияны кіші түрлерге бөлу (шығу туризмі саласында, келу және ішкі туризм саласында), сондай-ақ бармай профилактикалық бақылауды регламенттеу сияқты нормалар.
Tengritravel.kz Сайттан алынған ақпарат