Біз Туризмді дамыту орталығы мен Мақсұт Нарикбаев атындағы университеттің қолдауымен ұйымдастырылған Идеятонға қатыстық. Іс-шараға креативті ойлайтын, белсенді студенттер жиналып, келесі маңызды тақырыптар бойынша өз идеяларын ұсынды:
– Туристік нысандарды біріктіре отырып, жаңа форматтағы ивенттер концепциясы
– Жаңа туристік нүктелерді құру: маршруттар, арт-объектілер, кіші архитектуралық формалар (МАФ) және интерактивті кеңістіктер
– Астана әуежайының сервисі мен инфрақұрылымын цифрлық шешімдер арқылы жақсарту
Ideaton түрлі сала мамандарын, яғни студенттерді, оқытушыларды, жас кәсіпкерлер мен туризм саласының сарапшыларын бір алаңға жинап, елорда туризмінің өзекті мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Қатысушылар туризм, құқық, IT, дизайн, менеджмент, маркетинг, урбанистика, сәулет, экономика, логистика, PR, социология және бизнес-аналитика салаларындағы студенттер мен оқытушылардан құралған командаларға бірікті. Олар осындай пәнаралық жұмыс форматында туризмді дамытуға арналған креативті әрі іске асыруға болатын нақты ұсыныстар әзірлейді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонға 25-тен астам команда, яғни 70-ке жуық адам қатысуға өтінім берген. Ideaton жобасының негізгі тақырыптары – қала көрікті жерлерін біріктіретін туристік іс-шаралар концепцияларын әзірлеу, Астанада жаңа туристік нысандар мен тарту орталықтарын ұсыну, әуежай қызмет көрсету сапасын арттырып, инфрақұрылымды цифрлық шешімдер арқылы жақсарту.
– Бұл бастаманың мақсаты – туризмді, соның ішінде Астана туризмін дамыту жолында жастарды жаңа идеялар тудыруға, бастамалар көтеруге ынталандыру. Оларға бүгін үш бағытта тақырыптарды ұсындық. Екі күн ішінде қатысушылар білім беру сессияларында тәжірибелі менторлар және сарапшылармен бірге жұмыс істейді. 10 шақты менторлар оларға идеяларын қалай дұрыс әзірлеп, таныстыруды, қалай жеткізуді үйретеді, өз тәжірибесін олармен бөліседі. Соңында әр команда жобаларын қазылар алқасының алдында таныстырады, – дейді «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығы» ЖШС МІСЕ департаментінің директоры Данияр Құрманбаев.
Crocos компаниясының туризм бөлімінің жетекшісі Данияр Омаров командаларға кеңес беріп, жобаларды қорғауға дайындау барысында ментор ретінде белсенді қатысты.
Ал Crocos компаниялар тобының басқарушы директоры Алексей Погодаев білім беру сессиясында «Success story және мемлекетпен жұмыс істеу үлгісі» тақырыбында баяндама жасап, компанияның құрылу тарихымен, туризмдегі цифрландыру тәжірибесімен, бірыңғай туристік CityPass картасы мен жасанды интеллект негізіндегі кеңесші жобасымен бөлісті.
Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз! Алда — жаңа қызықты ынтымақтастықтар!